Мен Павлодар қаласындағы №12 сәбилер балабақшасында қызмет етемін. Бүлдіршіндердің ата-аналарымен де тығыз байланыста боламын. Менің бойымдағы баланы жақсы көру жасандылық емес, бұл менің табиғатымнан берілген қасиет. Тәрбиеленушілерге аяушылық сезіммен қараймын, әрқашан мейірімді, төзімді болуға және оларға құрметпен қарауға тырысамын. Сондықтан да болар балабақшадағы тәрбиеленушілер мені қатты сыйлайды, жақсы көреді, айтқанымды екі етпейді, мені ренжіткілері келмейді. Әлде қашан балабақша табалдырығанан мектепке аттанған бүлдіршіндер де көре қалса өздерінің маған деген ыстық ықыластарын білдіріп жатады.
Мен өзім жұмыс істеп жүрген балабақшамды — өз үйімдей, өзім тәрбиелеп жүрген бүлдіршіндерді — өз балаларымдай, бірге қызметтес болып жүрген тәрбиешілерді өз туыстарымдай өте жақсы көремін десем артық айтқаным емес. Егер мамандық қайта таңдау қажет болса, мен осы ұстаздық мамандықты ойланбастан тағы да таңдар едім. Басқа мамандық туралы бала кезден бастап ойыма да кіріп шықпапты. Қоғам үшін өзіңді жауапты санаудан артық бақыт бола ма? Мен қазір баланың шуынсыз, бақытты балалардың базарысыз жүре алмайтын жағдайға жеткен тәрбиешімін. Адам өмірінде мамандық таңдаудан қателеспеу керек деген сөз бар ғой, ол шындық екен. Жұмысыңды аңсап бару, қуанып қайту, өзіңнің не бітіргеніңді, енді не істейтініңді білу, бұл — мамандығын сүйген адамның ісі.